Үкімет кәсіпорындарды жаңғыртуға лизингтік қаржыландыруды іске қосуда
Қазақстанда 2026 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жарақтандыру және қайта жарақтандыру бағдарламасы (лизинг бағдарламасы) іске қосылады. Жаңа бағдарламаның шарттарын үкімет отырысында вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
«Лизинг бойынша бағдарламаны іске асыру 2 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға, еңбек өнімділігі мен кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қаржыландыру қосымша кепілсіз жүзеге асырылады. Лизинг бағдарламасы бойынша бір лизинг алушыға лимит 300 млн теңгеден аспайды, қаржыландыру мерзімі бес жылға дейін», - деп Серік Жұманғарин хабарлады.
Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов өңдеуші сектордың ЖІӨ-дегі үлесін одан әрі арттыру үшін кәсіпорындардың, оның ішінде шағын және орта бизнестің өндірістік қуатын ұлғайту қажет екенін атап өтті. Ол үшін оларды жаңғыртуды, соның ішінде қайта жарақтандыруды ынталандыру қажет.
«Өнеркәсіп министрлігіне келесі жылдың қаңтарынан бастап өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік қуаттарды жаңғырту үшін лизингтік қаржыландыруды іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Микро және шағын бизнес кепіл бермей, өз өндірісін 300 млн теңгеге дейін жаңғыртуға мүмкіндік алады. Қайта жарақтандыру кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп тапсырды Олжас Бектенов.