Қазақстанда инвестициялық прокурорлар жұмыс істей бастайды
Қазақстанда Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Өңірлерде инвестициялық прокурорлар жұмыс істей бастайды, ал инвестициялық омбудсменнің қызметі бас прокурорға жүктеледі. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қадағалау шаралары атаулы және алдын алу сипатында болуы тиіс. Біздің міндетіміз - фактіден кейін жазалау емес, заңсыз шешімдерді уақтылы тоқтату және әділдікті қалпына келтіру», - деп атап өтті бас прокурор Берік Асылов.
Комитет инвестициялық қызмет саласында жоғары қадағалауды жүзеге асырады, инвесторлардың құқықтарын қорғайды, осы салада салааралық үйлестіруді және инвесторлардың қатысуымен дауларды сотқа дейінгі реттеуді жүргізеді, сондай-ақ басқа да жұмыстар жүргізетін болады.
Ведомствода бұрын инвесторлардың құқықтарын қозғайтын мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісуді көздейтін «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілгенін еске салды. Оны енгізген сәттен бастап прокурорлар 1100 шешімді келісуден бас тартты, 400 тексерудің, 480 әкімшілік іс жүргізудің және 210 өзге де шектеу шараларының жолын кесті. Бұл азаматтық даулар санын 32%-ға, ал инвесторлардың соттарға жүгінуін 33%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ірі халықаралық және жоғары технологиялық инвесторларды қолдауға бағытталған «Жасыл дәліз» тетігі іске асырылуда. Оған 137 инвестициялық жоба енгізілді, олар үшін 16 мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осы механизмді одан әрі кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта прокурорлар жалпы құны 76 трлн теңге болатын 1790 инвестициялық жобаны қадағалауда. 23 трлн теңге сомасына жобаларды іске асыратын 2 мыңға жуық инвесторға нақты құқықтық көмек көрсетілді.
Прокурорлық қадағалау арқылы кәсіпкерлер көтерген әкімшілік кедергілер мен бюрократияға байланысты 145 проблемалық мәселе шешілді.
Қадағалау қызметінің нәтижелері бойынша 326 лауазымды тұлға инвесторлардың өтініштеріне қатысты әуре сарсаң мен кедергілер үшін жауапқа тартылды.