16:00 Қазақстан

Азық-түлік корпорациясы 62,7 млрд теңге көлеміндегі облигацияларды өтеді

Азық-түлік корпорациясы жалпы сомасы 62,7 млрд теңгеге орта мерзімді облигациялардың екі шығарылымын толығымен өтеді. Инвесторларға негізгі қарыздың 60 млрд теңгесі қайтарылып, купондық табыстың 2,7 млрд теңгесі төленді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Төлемдер 2026 жылғы тамыз айының соңында жүргізілді. Облигациялар KASE биржасында 2025 жылдың басында 1,5 жылдық айналым мерзімімен орналастырылған.

Азық-түлік корпорациясында түсіндіргендей, мұндай мерзім астық нарығындағы ақша айналымының ерекшеліктерін ескерді: өтімділікке деген негізгі қажеттілік егінді сатып алу кезеңінде туындайды, ал оны сатудан түсетін қаражат кейінгі кезеңдерге бөлінеді.

Облигациялар өтелгеннен кейін Азық-түлік корпорациясының 2026 жылдың басынан бергі жалпы борыштық міндеттемелерінің көлемі 52,4 млрд теңгеге дейін төмендеді.

«Біз міндеттемелердің едәуір көлемін уақтылы өтедік. Бұл ретте негізгі қызметтен түскен қаражатты пайдаландық. Сонымен қатар компания аграршылармен жұмысты жалғастыру үшін қажетті қаржы ресурстарын сақтап отыр», – деді Азық-түлік корпорациясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов.

Азық-түлік корпорациясы борыштық жүктемені азайту және аграрлық секторды қаржыландыру, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық және тікелей сатып алу бағдарламалары арқылы жұмысты жалғастыруда.