06 января 2026 Қазақстан

Атырау облысында аграрлық логистикалық орталық іске қосылды

Атырау облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге бағытталған ITC WEST логистикалық орталығы жұмысын бастады. Логистикалық орталықтың жалпы ауданы 30 га құрайды, деп өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Логистикалық орталыққа 5 теміржол тармағы, контейнерлік алаң, жеке автопарк, "А" санатындағы қоймалар (5 400 шаршы метр), өндірістік кешендер мен көкөніс қоймасы кіреді.

Көкөніс қоймасының жалпы ауданы 8200 шаршы метрді құрайды, мұнда 28 сақтау камерасы орналасқан. Температура режимі -25°C-тан +25 °C-қа дейін реттеледі. Сонымен қатар, температура мен ылғалдылықты бақылаудың автоматты жүйелері, заманауи тоңазытқыш қондырғылары, желдету және микроклиматты басқару жүйелері орнатылған. Энергияны үнемдейтін инженерлік шешімдер объектінің үздіксіз және үнемді жұмысын қамтамасыз етеді.

Орталық басшысы Бауыржан Жолмұхановтың айтуынша, нысанның құрылысы екі жыл бұрын басталған. Құрылған инфрақұрылым өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

«Мемлекет пен облыс әкімдігінің қолдауымен сыйымдылығы 15,5 мың тонна көкөніс қоймасы салынды. Орталықта Батыс Қазақстан үшін банандардың пісіп жетілуінің бірегей камерасы іске қосылды. Тұтынушылар тарапынан сұранысқа байланысты банандарды кезең — кезеңімен жетілуге дейін жеткізуге және нарыққа шығаруға болады», — деп атап өтті Бауыржан Жолмұханов.