Қазақстанда Орталық Азия мен Германияның орнықты егіншілік орталығы құрылады
Орталық Азия мен Германияның орнықты егіншіліктің өңірлік орталығы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ базасында құрылады. Оның міндеттері Берлинде өткен Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі 18-ші жаһандық форумда (Global Forum for Food and Agriculture, GFFA) талқыланды, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық делегация «Жасыл апта» халықаралық көрмесінің іс-шараларына қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан 20 компанияның қатысуымен ұлттық стендпен таныстырылды.
Орталық Азия елдері мен Германия өкілдерінің кездесуінде Орнықты егіншілік жөніндегі өңірлік орталық құру мәселелері қаралды. Аталған бастама Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте Германияға жасаған ресми сапары барысында берген тапсырмасы аясында ұсынылған.
Орнықты егіншілік жөніндегі өңірлік орталықтың тұжырымдамалық жобасы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен Қазақстан–Германия аграрлық-саяси диалогы бірлесіп әзірледі.
«Орталық өңір елдері мен Германияның күш-жігерін біріктіре отырып, табиғи-климаттық жағдайлар мен климаттың өзгеруіне байланысты сын-қатерлерді ескере отырып, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталады. Орталықтың негізгі міндеттері қатарында білім мен технологиялар трансферті, аграрлық ғылымды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру және орнықты егіншілік тәжірибелерін ілгерілету бар», - деп Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Орталықтың практикалық қызметі Алматы облысында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының үйлестіруімен жүзеге асырылады.