Егіске арналған дизель отынының бағасы нарықтық бағадан 15%-ға төмен болады
Үкімет егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының шекті бағасын нарықтық бағадан 15%-ға төмен етіп бекітті. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында Энергетика министрлігінің назарын көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының шекті жеңілдікті бағасын уақтылы бекіту қажеттігіне аударды.
Бұған жауап ретінде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазіргі уақытта фермерлер үшін шекті баға нарықтық бағадан 15%-ға төмен бекітілгенін айтты.
Ол сондай-ақ Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп 1 ақпаннан 30 маусымға дейін көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін бекіткенін хабарлады.
Сонымен қатар, отырыс барысында дизель отынының соңғы бағасы аталмады. Ерлан Ақкенженов 2025 жылы дизель отыны фермерлерге тағайындалған станцияда ҚҚС-пен литрі 232 теңгеден жеткізілгенін, ал соңғы бағасы 254 теңге/литрді құрағанын, бұл ЖҚС бағасынан 15-40%-ға арзан болғанын атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов арзандатылған отынды белгіленген көлемде жеткізуді қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Әкімдіктерге бір апта мерзімде өңірлік операторлар бойынша толық және өзекті деректерді ұсыну тапсырылды.
«Бөлінген отынды мақсатсыз өткізуге жол беретін адамдарға қатысты құқық қорғау органдары тарапынан барынша қатаң ден қою шараларын қабылдау қажет», - деп түйіндеді премьер-министр.