Қазақстан Еуропаға жылқы етін экспорттау бойынша келіссөздер жүргізуде
Францияда мыңнан астам фермерлерді, мал өсірушілерді, қайта өңдеушілерді және агроөнеркәсіптік өнім өндірушілерді біріктіретін 62-ші халықаралық ауылшаруашылық салоны өтті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бастаған Қазақстан делегациясы осы көрменің аясында бірқатар келіссөздер жүргізді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бизнес-қоғамдастықпен кездесу барысында қазақстандық жылқы еті үшін еуропалық нарықты ашу бойынша келіссөздер жүргізілді. ҚР АШМ ЕО-да отандық өнімге рұқсат беру келісімі бойынша DG SANTE-мен жүйелі түрде өзара іс-қимыл жасайды. Сонымен қатар аквамәдениет және ара шаруашылығы өнімдерін экспорттау келешектері талқылануда», - деп ведомствода хабарлады.
Сондай-ақ, биоқауіпсіздік саласында QazBioPharm-мен бірлесіп Қазақстанда аусылға қарсы вакциналар өндіру жөніндегі жобаны іске асырған Boehringer Ingelheim компаниясымен келіссөздер жүргізілді.
ANSES, INRAE ғылыми-зерттеу институтымен және SEMAE тұқым компанияларының бірлестігімен кездесулерде селекция, жемшөп өндіру және инновациялық шешімдерді енгізудегі ынтымақтастық келешектері талқыланды.
Сонымен қатар, форум аясында «Франция–Қазақстан» бизнес–конференциясы өтті, Аманғали Бердалин мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Жоғары өнімді асыл тұқымды мал басын сатып алуды және ветеринариялық жүйені жаңғыртуды көздейтін 2026-2030 жылдарға арналған Кешенді жоспар бекітілді.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы өзара тауар айналымы 100 млн доллардан асты. Қазақстан майбұршақ, өсімдік майлары мен этил спиртін экспорттайды, тамақ және сүт өнімдерін, шырындарды импорттайды. Біз генетика мен агротехнологиядан бастап білім беру мен бірлескен ғылыми жобаларға дейін ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз», — деп атап өтті вице-министр.