09:15 Қазақстан

LuLu сауда желісі қазақстандық өнімдерді БАӘ-де сатуды бастайды

Қазақстандық азық-түлік өндірушілері мен жеткізушілері Таяу Шығыстағы ең ірі бөлшек сауда желілерінің бірі – LuLu компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Келісім аясында қазақстандық өнімдер Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сауда желісінің сөрелерінде пайда болады. Бұл туралы QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы хабарлады.

Келісімдерге қазақстандық SBK Company, Brand Kazakhstan және NEW Energy Drink компаниялары қол қойды. Енді тараптар өнім ассортиментін, коммерциялық шарттарды және тауарларға қойылатын талаптарды келісіп, жеткізілімдерді ұйымдастыру мәселелерін пысықтауы қажет.

QazTrade мәліметінше, келісімдер Абу-Дабиде өткен Global Food Week 2026 халықаралық көрмесі аясында жасалды. Қазақстан көрмеге Made in Kazakhstan ұлттық экспозициясымен қатысып, онда бал, жарма, дәнді дақылдар, өңделген жеміс өнімдері, сусындар, сиыр және қой еті, сондай-ақ Halal санатындағы ет өнімдерін ұсынды.

«Қазақстандық компаниялардың халықаралық көрмелерге қатысуы нақты коммерциялық нәтижелерге әкелуі біз үшін маңызды. Өнімді таныстыру әлеуетті сатып алушылармен жүйелі жұмыс істеумен, сауда желілерінің талаптарын келісумен және кәсіпорындарды нақты жеткізілімдерге дайындаумен жалғасуы керек. Отандық өндірушілердің LuLu компаниясымен ынтымақтастыққа дайын болуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Біздің міндетіміз – бизнесті шетелдік нарыққа шығудан бастап, тұрақты экспорттық арналарды қалыптастыруға дейін сүйемелдеу», – деді QazTrade бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова.