11:05 Астық

Азық-түлік корпорациясы Оманға астықты тікелей жеткізуді ұсынды

Азық-түлік корпорациясының басқарма төрағасы Асылхан Джувашев Астанада өткен Қазақстан-Оман іскерлік форумында Таяу Шығысқа астық жеткізу бағыттарын әртараптандыру үшін Қазақстанның әлеуетін белсенді пайдалануды ұсынды. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Біз қазақстандық астықты Оман Сұлтандығына тікелей экспорттық жеткізуді дамытуға мүдделіміз және жылына 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейінгі көлемде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», – деді Асылхан Джувашев.

Оның айтуынша, Азық-түлік корпорациясының қорында тұрақты түрде 2 млн тоннадан астам астық бар. Биыл Қазақстанда ақуыз бен желімтек мөлшері жоғары, сапасы жоғары hi-pro бидайынан мол өнім алынды. Өз кезегінде Азық-түлік корпорациясы Омандық серіктестерге осындай бидайды, сондай-ақ нарық қажеттілігіне қарай басқа да дәнді дақылдарды тұрақты жеткізуге дайын.

Сонымен қатар Асылхан Джувашев Оман инвесторларын Қазақстан бизнесімен бірлесіп жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Келешекті бағыттардың бірі Қазақстан аумағында астық хабын және Оманның стратегиялық астық резерві қорын құру болуы мүмкін.

«Мұндай тетік қажетті қорларды тікелей өндіруші елде алдын ала қалыптастыруға, астықты нарықтағы ең қолайлы кезеңдерде сатып алуға және қажеттілігіне қарай оны Оманға одан әрі жөнелтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді. Оман тарапы үшін бұл жеткізу көздерін әртараптандырудың және ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың қосымша мүмкіндігі», – деді Азық-түлік корпорациясы басшысы.

Ұлттық компанияның атап өтуінше, Оманмен логистикалық ынтымақтастықты дамыту қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Оңтүстік Азия мен Шығыс Африка нарықтарына шығуына жаңа жолдар ашады. Оман порттарын пайдалану Орталық Азия мен Парсы шығанағы өңірі арасындағы азық-түлік жеткізілімдерінің сенімділігін де арттырады.