Қазақстан мақта өңдеуден 1,67 млрд доллар табыс таба алады
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда. Мақта талшықтары мен терілерін өңдеуді тереңдету, синтетикалық талшықтар өндірісін кеңейту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа бағдарлама бойынша жұмыс үкіметте салалық қауымдастықтардың қатысуымен талқыланды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда жеңіл өнеркәсіп тұрақты дамуды көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 3%-ға өсу жоспарында 13,2%-ға өсіп, 260 млрд теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында жеңіл өнеркәсіптің үлесі - 0,8% құрайды. Жеңіл өнеркәсіп құрылымында тоқыма өндірісі 60%-дан астам, киім өндірісі 32%-ды, аяқ киім мен былғары бұйымдары 6,5%-ды құрайды. Кәсіпорындардың 97%-дан астамы шағын бизнес субъектілері.
Үкімет 2025 жылы Қазақстанда мақтаның рекордтық көлемі - 466 мың тонна жиналғанын атап өтті. 116,1 мың тонна мақта талшығы, 500 тонна иірілген жіп, 5,2 млн шаршы метр мата және 28,6 млн бірлік дайын тоқыма бұйымдары өндірілді.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтың айтуынша, бір тонна мақта талшығын қайта өңдеу 1 650 дана дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Шикізатты толық қайта өңдеуді қамтамасыз ету кезінде әлеуетті қосылған құн 1,67 млрд долларға жетуі мүмкін, сондай-ақ 5 мыңға дейін жұмыс орындарын құруға ықпал етуі мүмкін.
Салада KazFeltec жылытқыш өндірісін, Талшықтекс тоқылған полипропилен геоматасын шығаруды және Түркістан тоқыма мақта-мата иірілген жіп өндірісін қоса алғанда, орта мерзімді келешекте негіз болатын жобалар іске асырылуда.
Оң динамикаға қарамастан, салада кешенді шешуді талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер сақталуда. Олар шикізат қорын дамытуға, өндірістерді жаңғыртуға, реттеліп сатып алу тетіктерін жетілдіруге және қаржылық қолдау шараларын кеңейтуге қатысты.
Сала кәсіпорындары дамудың болжамды жағдайларын қалыптастыру кезінде өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға дайын екендігін растады. Белгіленген міндеттерді ескере отырып, бизнес-қоғамдастық пен салалық қауымдастықтардың қатысуымен жеңіл өнеркәсіпті дамытудың Кешенді бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
«Жеңіл өнеркәсіп біз үшін халықты жұмыспен қамту тұрғысынан өте маңызды. Мысалы, Түркістан облысында, еліміздің ең көп қоныстанған облысында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ең көп саны бар. Олардың одан әрі дамуымен жергілікті халықты жұмыс орындарымен және лайықты жалақымен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнеспен бірлесіп жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасын әзірлеуді бастауы қажет. Құжатта негізгі кәсіпорындар, олардың ағымдағы өнімділік көрсеткіштері және мақсатты бағдарлар анықталуы керек. Өзара міндеттемелерге ең алдымен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және өндірісті арттыру кіреді», - деді вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.