Түркістан облысында екі жаңа су қоймасы іске қосылады
Түркістан облысында «Бәйдібек-ата» және «Қарақуыс» су қоймаларын салу жұмыстары аяқталуға жақын. Оларды биыл іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көлемі 68 млн текше метр «Бәйдібек-ата» су қоймасы Бәйдібек ауданында 860 га учаскеде, Балабөген және Үлкен-Бөген өзендерінің түйіскен жерінде салынуда. Су қоймасы бөгетінің ұзындығы – 1,75 км, биіктігі – 26 м.
Нысан вегетациялық кезеңінен тыс уақытта су жинайды, ал вегетациялық кезеңде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына жібереді. Қазіргі уақытта жоба бойынша жұмыстар 80% орындалды.
«Бәйдібек-ата» су қоймасынан Бөген су қоймасына су беруді реттеу үшін «Саркырама» каналы салынуда. Ұзындығы 21,7 км болатын нысан секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады, сондай-ақ 2,5 мың га суармалы жерді сумен қамтамасыз ете алады.
Төлеби ауданында көлемі 1,2 млн текше метр «Қарақуыс» су қоймасы салынуда. Нысан 500 га суармалы алқапты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жаңа су қоймалары тасқын және еріген суды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, бұл әсіресе климаттың өзгеруі жағдайында маңызды. Қосымша суармалы алқаптарды игеруге, сондай-ақ Бөген су қоймасындағы су деңгейін қауіпсіз реттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Гидрологиялық есептеулер бойынша, Бөген өзенінің орташа жылдық ағыны 165 млн текше метрге жетеді. Сондықтан бұл суды жинап, оны жергілікті тұрғындардың қажеттіліктеріне бағыттау маңызды», – деп атап өтті су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.