Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есеге артты
Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдар жыл сайын 150 мың гектарға ұлғаяды. 2024 жылға дейін қазіргі заманғы суару жүйелерін енгізу қарқыны жылына орта есеппен 30 мың гектарды құрады. Көрсеткіштің өсуіне осы саладағы мемлекеттік қолдаудың өсуі ықпал етті, деп Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі заманғы суару жүйелерін енгізуді ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылауға, инфрақұрылымды жүргізуге және жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ таяудағы үш жыл ішінде суармалы судың құнын субсидиялауды қазіргі заманғы суару жүйелерін пайдалану кезінде 50%-дан 85%-ға дейін ұлғайтуды көздейтін суармалы суға сараланған тариф енгізілді.
Бұдан басқа, 2026-2028 жылдарға алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға қаражат төрт есе ұлғайтылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолдану ауданы 543,5 мың га құрайды.
«2030 жылға қарай су үнемдеу жүйелері қолданылатын суармалы алқап көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл технологиялар суару суын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік технологиялардың негіздемелік тізбесін әзірледі, оған суарудың озық жүйелері де енгізілген», – деп атап өтті су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.