Маңғыстауда бекіре уылдырығының инновациялық өндірісі іске қосылады
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылындағы Kazakh Osseter ғылыми-өндірістік кәсіпорны 2026-2027 жылдары бекіре тұқымдас балықтардан балыққа зиян келтірмей тағамдық уылдырық алу бойынша инновациялық жобаны іске асыруда. Жаңа технология экологиялық қауіпсіз өндірістің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және өңірдің балық шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұл туралы өңірлік әкімдікте хабарлады.
Кәсіпорында жыл сайынғы өндіріс көлемі 250 тоннаға дейін тауарлық балық, 0,2 тонна уылдырық және 500 мың шабақ болады деп жоспарлануда. Өнімдер Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне экспортқа бағытталған.
«Жобаның негізгі мақсаты - уылдырық алудың жоғары технологиялық әдісін енгізу, сапалы аналық табынды қалыптастыру және саланың тиімділігін бірнеше есе арттыру. Іске асыру аясында 250-ге жуық бекіре балығынан уылдырық алу жоспарлануда», - деп атап өтті әкімдікте.