08:05 Қазақстан

Қазақстан мен Қытай биопестицидтердің бірлескен өндірісін іске қосады

Қазақстан мен Қытай биопестицидтерді әзірлеу және өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске қосуда. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты және Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты тиісті меморандумға қол қойды, деп Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Құжат заманауи биопестицидтерді бірлесіп әзірлеуді, озық технологиялар трансфертін жүзеге асыруды, Қазақстанда өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарының өндірісін жергіліктендіруді, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлауды мақсат етеді.

Меморандумға Қазақстанға Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Өсімдіктерді қорғау институты, Қытай ауыл шаруашылығы университеті (CAU) және Zhongbao компаниясы делегациясының сапары аясында қол қойылды.

Тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, өсімдіктерді қорғауға арналған жаңа биологиялық құралдарды әзірлеп, сынақтан өткізуді, ғылыми әзірлемелер мен технологиялар алмасуды, академиялық ұтқырлық пен кадрлар даярлау бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ келешекті ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны іске асыру Қазақстан аумағында заманауи биопестицидтерді өндіру үшін жағдай жасауға, экологиялық қауіпсіз өсімдік қорғау құралдарын қолдану аясын кеңейтуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге, отандық агроөнеркәсіптік кешенге инновациялық шешімдерді жедел енгізуге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғалымдары мен сарапшыларын біріктірген «Зиянды организмдерді басқару жүйесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар барысында өсімдіктерді интеграцияланған қорғаудың заманауи тәсілдері, зиянкестермен күрестің биологиялық әдістерін дамыту перспективалары, фитосанитариялық ахуалды мониторингтеудің инновациялық технологияларын енгізу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру тетіктері талқыланды.