14:41 Қазақстан

Қазақстанда балдан сусын өндірудің рецептуралары әзірленді

Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бал мен зімбір негізінде алкогольсіз сусын дайындау технологиясын әзірледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Жоба аясында мамандар сусынның 40 түрлі құрамын жасап, сынақтан өткізді. Органолептикалық және экономикалық көрсеткіштерді зерттеу және бағалау нәтижелері бойынша төрт нұсқа таңдалды.

Бұл әзірлеме тамақ өнеркәсібінде отандық балды пайдалануды көздейді. Қазір оның өнеркәсіптік сусындар өндірісіндегі үлесі аз.

Әзірленген технологияға ҚР пайдалы модельге берілетін патент алынған. Сонымен қатар алкогольсіз және құрамында спирті аз сусындарды өндірістік жолмен дайындауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.

Қазіргі таңда жаңа технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге болады.