09:15 Қазақстан

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ауысты

Павлодар облысы әкімінің өкімімен Хамза Оразбеков ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол аймақ әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Хамза Оразбеков 1988 жылы туған. Екі жоғары білімі бар. 2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Зоотехния» мамандығы бойынша, 2012 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2024 жылы ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2010 жылы Павлодар ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің механикаландыру және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас маманы қызметінен бастады.

2013-2017 жылдары Заңғар ауылдық округінің әкімі, 2017-2020 жылдары Павлодар ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2020-2025 жылдары Павлодар ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы болды.