11:30 Қазақстан

Harvest Agro Қазақстанда агрокластер құру жобасын бастады

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында Harvest Agro компаниясының агроиндустриалды кластерін құру жөніндегі жобаның бірінші кезеңін іске асыру басталды. Ауданда жоба аясында алғашқы астық егу басталды. Бұл туралы облыс әкімдігінде хабарлады.

Жобаның бірінші кезеңінде 8,7 мың гектар суармалы жерге жүгері, екінші кезеңде 32 мың гектарға жүгері, майбұршақ, техникалық құмай егіледі. Сондай-ақ, екінші кезең құны 68 млрд теңгеден асатын ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеу бойынша жаңа өндірісті іске қосуды қамтиды. Зауыт заманауи жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Жоба ауыл шаруашылығын дамытуға, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға және өңделген өнім экспортын арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта 30 мың гектар жер игерілуде, ал болашақта бұл көрсеткішті 300 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен қатар өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізудің бірыңғай жүйесі дамитын болады.

Сондай-ақ, әкімдік бүгінгі таңда жобаның инфрақұрылымы бойынша негізгі жұмыстар қарқын алып жатқанын атап өтті. Қараөзектен суару каналдары тартылады, 142 жаңбырлатқыш қондырғылары орнатылады. Бұл су ресурстарын 30%-ға дейін үнемдейді.

Егіс алқаптарын бақылау және басқару үшін цифрлық жүйелер, жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Бірінші кезеңде 80 мың тоннаға дейін жүгері алу жоспарлануда. Бұл — Қазақстанда ірі агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

«Біздің президенттің қолдауымен облыстың өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға және суды үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Биыл бұл мақсаттарға 10 млрд теңге қарастырылған. Бұл Сырдария фермерлеріне мемлекет басшысының ерекше қолдауы. Су ресурстарының сарқылуы бұрынғы әдістерді қайта қарауды және табиғатпен үйлесімді үнемді және тиімді әдістерді таңдауды қажет етті. Бүгінгі бастама — бұл жаңа мүмкіндіктер ашатын, өңіріміздің экономикалық әлеуетін және халықтың әл-ауқатын арттыратын стратегиялық маңызды қадам», - деді салтанатты рәсімде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Естеріңізге сала кетейік: швейцариялық Harvest Agro ауқымды жобасы Қазақстандағы жайылымдық және шалғайдағы жерлерді жер асты сулары мен заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруды көздейді.