ЕҚДБ ҚТЖ облигацияларына 125 млн доллар инвестиция салады
Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының (ҚТЖ) еурооблигацияларын шығаруға 125 млн долларға дейін инвестициялайды. Қаражат Қазақстан мен өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және көлік қатынасын жақсартуға бағытталатын болады, деп банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Облигациялар шығарылымының жалпы көлемі 1 млрд долларды құрайды. Бағалы қағаздар Лондон қор биржасында, Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық биржасында орналастырылған.
ЕҚДБ хабарлағандай, инвестициялар теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға ықпал ететін болады. Атап айтқанда, қосымша қаражат Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталатын болады, бұл Еуропа мен Азия арасындағы теміржол тасымалының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚТЖ ұзындығы 16,4 мың шақырым теміржол желісін, сондай-ақ 1,7 мыңнан астам локомотив, 46,8 мың жүк вагоны және 2,3 мың жолаушылар вагонын қамтитын паркті басқарады.
Жоба аясында ЕҚДБ жолаушылар тасымалы саласында халықаралық стандарттарды енгізу және киберқауіпсіздікті күшейту үшін ҚТЖ-ға техникалық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
Атап өтілгендей, ЕҚДБ Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі болып қала береді: оның елге инвестицияларының жалпы көлемі 352 жоба аясында 12 млрд доллардан асты.