13:28 Қазақстан

Қазақстанда егіс мерзімінің болжамы нақтыланды

Қазгидромет жаздық дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімдерінің түпкілікті болжамын жариялады. Синоптиктердің айтуынша, осы көктемде астық егетін аймақтардың көпшілігінде ауа-райы климаттық нормаға сәйкес келеді.

Жаздық дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімдері негізінен белгіленген климаттық мерзімдерге жақын болжанады:

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай облыстарында - мамырдың бірінші және екінші онкүндігінде;

Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында - мамырдың бірінші - үшінші онкүндігінде;

Алматы және Жетісу облыстарында - сәуірдің бірінші - үшінші онкүндігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда - мамырдың бірінші онкүндігінің басында.

Қазгидрометте сонымен қатар, негізінен дәнді дақылдар өсіретін аймақтарда қыс алдындағы бір метрлік қабаттағы топырақ ылғалдылығының жағдайы жалпы алғанда қанағаттанарлық және оңтайлы болғанын атап өтті. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Абай, Жамбыл және Түркістан облыстарында топырақтағы ылғалдың төмен қоры (ең аз далалық ылғал сыйымдылығынан 50%-дан төмен) байқалды.

Күзде және қыста Қазақстанның барлық аумағында жауын-шашын нормаға жақын және одан да көп болды. Елдің солтүстік-батыс, орталық және оңтүстік-шығысының жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан аз болды.

Ауа райы болжамына сәйкес мамыр айында орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Абай облысының оңтүстік - шығысында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормаға жақын болады деп күтілуде.

Мамыр айында Қазақстанның көп бөлігінде айлық жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейге жақын болады деп күтілуде. Қызылорда, Ұлытау облыстарында, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Қостанай облысының оңтүстігінде, Алматы облысының солтүстік жартысында, Ақмола облысының қиыр оңтүстігінде, Жетісу облысының солтүстік-батысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-батысында жауын-шашын нормасы аз болады деп күтілуде.