14:09 Қазақстан

ҚТЖ жүктерге басымдық беруді енгізуді жоспарлап отыр

ҚТЖ компаниясы теміржол көлігіндегі жүктерге басымдық беру алгоритмін әзірлейді. Мұндай шешім астық жүктерін тасымалдау жөніндегі кеңесте қабылданды.

Темір жолда жүктерге басымдық беруді енгізу үшін жүктерді тасымалдау Ережелеріне өзгерістер енгізу қажет болады.

Алгоритмді дайындау кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚТЖ-ға тез бұзылатын және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін, ал Өнеркәсіп министрлігі - өндірістің үздіксіз циклы бар кәсіпорындар мен шикізат жеткізушілердің тізбесін жіберуі тиіс.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП бизнеспен жүктерге басымдық беруді енгізуді талқылауы және кездесулер қорытындысы бойынша шоғырландырылған ұстанымды ұсынуы тиіс.

ҚТЖ ҰК ақпараты бойынша, қаңтар-сәуір айларында ҚТЖ желісі бойынша 84,4 млн тонна жүк тасымалданды: 54 млн тонна - ел ішінде және 30,4 млн тонна - экспорттық бағыттарда. Осы кезеңде экспорттық тасымалдардың өсуі 8%-ды құрады.

Компания жүк ағынының негізі көмір екенін атап өтті: 3,3% өсіммен 35,3 млн тонна тасымалданды.

Сондай-ақ, астық жүктерін тасымалдау 13%-ға өсіп, 5,3 млн тоннаға жетті. Астық экспорты төрт айда 14,4%-ға, 4,2 млн тоннаға дейін өсті.

Ұнтақтау өнімдерін тасымалдау 3% өсіммен 1 млн тоннаны құрады. Құрама жем 1,3 млн тонна тасымалданды, өсім - 62%.