08:15 Қазақстан

ЕуроХим Жамбыл облысында күкірт қышқылы өндірісін іске қосты

Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 800 мың тонна өнім шығаратын «ЕуроХим» күкірт қышқылын шығаратын зауыт іске қосылды. Күкірт қышқылы ауыл шаруашылығында, энергетикада, металлургияда, машина жасауда және басқа салаларда кеңінен қолданылады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өндіріс қуаттылығы жыл сайын 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдерді шығаратын жоғары технологиялық химиялық кластерді іске қосу жөніндегі ауқымды индустриялық жобаның бір бөлігі болып табылады. Бұл жобаға «ЕуроХим» халықаралық компаниясының инвестицияларының жалпы көлемі 1 млрд долларды құрайды, деп атап өтті министрлікте.

Зауыттың ашылуы 330 жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етті.

Химия кешені жобасының үшінші кезегі аясында бүгінде жұмыстардың 70%-дан астамы орындалды. Толық қуатқа шығу келесі жылдың басында жоспарланған. Барлық өндірістік желілерді іске қосу химия өнеркәсібінің, АӨК-тің дамуына серпін береді, сондай-ақ 1200 тұрақты жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.

ЕуроХим – әлемдегі жетекші тыңайтқыш өндірушілердің бірі. Компания әлемнің негізгі аймақтарында өндірістік қуаттылық пен дистрибуцияны дәйекті түрде кеңейтуде.