11:00 Қазақстан

Қазақстан минералды тыңайтқыштар экспортын дамытуды жоспарлап отыр

Қазақстанда фосфор тыңайтқыштарын өндіру саласы бұрыннан қалыптасқанымен, ел әлі де азот және калий тыңайтқыштар импортына тәуелді күйде қалып отыр. Қазіргі уақытта бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда, олардың іске қосылуы тыңайтқыштардың барлық негізгі түрлеріне қажеттіліктерді толығымен жабуға ғана емес, сонымен қатар жоғары қосылған құны бар тұрақты экспорттық тауарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Азот сегментіндегі ірі жобалардың бірі - Маңғыстау облысында KazAzot Prime заманауи интеграцияланған химиялық кешенінің құрылысы. Мұнда жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіру көзделеді. Кешенді 2030 жылы іске қосу Қазақстанның аммиак шығару жөніндегі өндірістік қуатын үш еседен астам ұлғайтады, еліміздегі тұңғыш өнеркәсіптік карбамид өндірісін құруға және азот тыңайтқыштарының импортына тәуелділікті едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, кешеннің интеграцияланған моделі өңдеу тереңдігін арттырады: өндірілетін 660 мың тонна аммиактың шамамен 543 мың тоннасын карбамид пен аммиак селитрасын шығару үшін шикізат ретінде пайдалану жоспарлануда. Экспорттық әлеует жылына шамамен 470 мың тонна карбамид пен 98 мың тонна аммиак селитрасына бағаланады. Жетекші халықаралық трейдингтік компаниялармен уағдаластықтар Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жоспарланған экспорттық көлемнің 100%-на дейін қамтиды.

Бұдан басқа, 2030 жылға қарай Қазақстанда калий тыңайтқыштарының алғашқы өндірісі іске қосылады. Жобаны «Сатимола» кен орны негізінде «Qazaq Kalium LTD» ЖШС жүзеге асырады. Жылына 1,5 млн тонна дайын өнім шығару жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда калий тыңайтқыштарының өндірісі жоқ, ал шикізат қоры калий тұздарының расталған қорларының 6,6 млрд тоннасынан асады. АӨК-нің ағымдағы қажеттілігі жылына 14 мың тоннаға жуық болған кезде ішкі нарық толығымен импортқа тәуелді, алайда болашақта сұраныс 300 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Ішкі тұтынудың осы деңгейінде де ол Qazaq Kalium жобалық қуатының шамамен 20%-ын құрайды, экспорт үшін өнімнің едәуір көлемін сақтайды», - деп атап өтті ведомствода.

Сонымен бірге ішкі сұраныс та артып келеді. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2023 жылы аграршылар 679 мың тонна тыңайтқыш енгізді, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,3 млн тоннаға дейін, 2025 жылы – 1,8 млн тоннаға дейін өсті, ал 2026 жылы оны 2,3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 73%-ын құрайды.

Ішкі сұраныстың одан әрі өсу әлеуеті елеулі болып қалуда: Қазақстанда минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі гектарына 25-35 кг–ға бағаланады, ал орташа әлемдік көлем 150-160 кг құрайды. Сұранысты қолдаудың қосымша факторы - аграршылар үшін тыңайтқыштар құнының 60%-на дейін мемлекеттік өтемақы.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда тыңайтқыштардың жаңа өндірістерін іске қосуға миллиардтаған доллар инвестиция салынуда.