Аралда құрғақ түйе сүтінің өндірісі іске қосылды
Қызылорда облысының Арал қаласында құны 3 млрд теңге болатын түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін «Қазақ Кэмел» компаниясының зауыты ашылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 400 тоннаға жуық өнімді құрайды. Құрғақ ұнтақты өндіру үшін күн сайын 20 мың литрге дейін түйе сүті қажет болады, бұл мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғындар үшін қосымша табыс көзі болады.
Өткізу нарықтарын кеңейту үшін Қытайға өнімді экспорттауға 10 жылдық келісімшарт жасалды.
Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорынға индустриялық аймақ аумағында 1 гектар жер учаскесі берілді. Бұдан басқа, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы Қытайдан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген.
Әкімдіктің мәліметінше, алдағы үш жылда өңірде жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы жалпы құны 100 млрд теңге болатын 21 жобаны пайдалануға беру жоспарланған.