Көксу қант зауыты қызылша өңдеу көлемін тәулігіне 3 мың тоннаға дейін арттырады
Жетісудағы Көксу қант зауыты қант қызылшасын өңдеудің жаңа маусымына дайындалуда. Жаңғырту аяқталғаннан кейін кәсіпорын қазіргі 2 мың тоннаның орнына тәулігіне 3 мың тоннаға дейін қызылша өңдей алады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа диффузиялық жабдықты орнату қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Қазан айында зауыт қуаттылықты арттыруы керек.
Өндірістік зертхананы жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қант қызылшасының қоспалылығын және қанттылығын анықтауға арналған жаңа құрылғы қойылды.
Шикізат қабылдау үшін кәсіпорын аумағында бес БУМ машинасы әзір тұр. Дайындық жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес сапалы қолға алынып жатқаны жаңа өнімді уақтылы қабылдап, өңдеу кезеңінде кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің кепілі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыттарды қант қызылшасын өңдеу маусымына дайындау жұмыстарын үйлестіруді жан-жақты қолға алуда.
Атап айтқанда, қазан айында Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна өнім өңдейтін желі орнату жұмыстары аяқталады.
Сонымен қатар, Қазақстанда қант қызылшасына арналған алаңдар кеңейтілуде. 2026 жылы қант қызылшасы 23,8 мың гектар алқапқа егілді. Негізгі егіс алқаптары Жамбыл облысы мен Жетісу облысында шоғырланған.