08:15 Қазақстан

Тараз қант зауыты қызылшаны 20 қазаннан бастап қабылдай бастайды

Жамбыл облысындағы «Тараз» қант зауыты қант қызылшасын қабылдауды 20 қазаннан кейін бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірасіл Желеубаев мәлімдеді, деп облыс әкімдігі хабарлады.

Кәсіпорында қант қызылшасын өңдеу және қант өндіру жұмыстары 2003 жылы тоқтатылған. 2025 жылдан бастап зауытты жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары мен технологиялық жабдықтарды орнату жалғасуда.

Кәсіпорын директоры Федор Семеновтің мәліметінше, зауыттың іске қосылуға дайындығы 93–95%-ды құрайды. Жобаның құны 12,4 млрд теңгені құрады.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорын жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын немесе тәулігіне 3 мың тоннаға дейін шикізат өңдей алады.

Кәсіпорынға барған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев зауытты іске қосуға дайындықты жеделдетуді және қант қызылшасын нақты кесте бойынша қабылдауды ұйымдастыруды тапсырды. Бұл егістіктерден жиналған өнімді уақтылы тасымалдап, зауытта кезектің пайда болуына жол бермеу үшін қажет. Оның айтуынша, әрбір шаруашылық өнімді жеткізу мерзімін алдын ала білуі тиіс.

Биыл Жамбыл облысында 9,9 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген. «Тараз» зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 94 шаруашылық 5,5 мың гектар алқапта осы дақылды өсіріп жатыр.