Астанада өңірлерден келген фермерлердің қатысуымен жәрмеңкелер маусымы басталады
Астанада 19 қыркүйекте еліміздің өңірлерінен келген тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері басталады. Олар 1 қарашаға дейін әр апта сайын, сенбі және жексенбі күндері өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Осы демалыс күндері, 19 және 20 қыркүйекте, Астанада Қызылорда және Атырау облыстарының фермерлерінің қатысуымен алғашқы жәрмеңке өтеді. Олар елордаға 600 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде 260 тонна бақша өнімі, 220 тонна күріш, 65 тонна балық, 40 тонна ет және ет өнімдері, сондай-ақ 20 тоннадан астам басқа да азық-түлік өнімдері бар.
Әкімдікте атап өткендей, жәрмеңкелерді өткізу тұрғындар үшін азық-түліктің қолжетімділігін арттыруға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға ықпал етеді.
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайы бойынша өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңке өтетін күндері оның орнына №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынайды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.