Қазақстанда су тасқыны мен құрғақшылықты болжаудың ұлттық жүйесі әзірленіп жатыр
Қазақстанда су тасқыны мен құрғақшылық туралы алдын ала ескертудің Ұлттық жүйесі әзірленуде. Сондай-ақ жоба су инфрақұрылымы туралы деректерді интеграциялауды көздейді. Осы жұмыс аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінде нидерландтық сарапшыларымен техникалық сессия өтті. Бұл туралы Қазақстан министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Болжам жасау жүйесі нидерландтық Deltares институты әзірлеген Delft-FEWS платформасы негізінде құрылады. Deltares бағдарламашылары мен инженерлері қазақстандық мамандармен бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізді.
Жобаны Agip Karachaganak B.V. (Eni) компаниясының қаржылық қолдауымен Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы жүзеге асырып жатыр.
Қазіргі уақытта платформа 11 өзеннің су жиналатын алабын қамтиды. Жыл соңына дейін олардың санын 16-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Deltares-пен ынтымақтастық аясында платформаның конфигурациясын жетілдіру, жұмыс процестерін баптау және СРҰАЖ мамандарын оқыту көзделген. Жұмыстың жеке бағыты – су нысандарын мониторингтеу үшін спутниктік деректерді өңдеу құралдарын меңгеру.
Құрғақшылықты болжау бойынша қажетті көрсеткіштер зерделеніп, есептеулерді автоматтандыру жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
«Біз платформа әзірлеушілерімен бірге жүйенің техникалық мүмкіндіктерін тереңірек зерделеп, қазірдің өзінде болжам жасауға қажетті ақпараттық негізді қалыптастырып жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, есептеулерді ретке келтіріп, деректерді тексеріп, бағалау дәлдігін арттырудамыз. Бұл жұмыстар болжам маусымы басталғанға дейін жүйенің барлық мүмкіндігін пайдалануға дайын болу үшін алдын ала жүргізіліп жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.