10:41 Қазақстан

Қазақстанда қазан айы әдеттегіден жылы болады

2026 жылғы қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері норма шамасында болжанып отыр. Бұл туралы Қазгидрометтің консультативтік болжамында айтылған.

Қазан айының басында ел аумағында жылы ауа райы орнап, ауа температурасы 15-25 градус жылы болады. Кейін солтүстік циклонның әсерінен республиканың барлық аумағында жаңбыр және қар жауады. Желдің жылдамдығы секундына 15-28 метрге дейін күшейіп, елдің солтүстік жартысында бұрқасын болуы мүмкін.

Арктикалық ауа массаларының енуіне байланысты тұман, көктайғақ және үсік болуы ықтимал. Ауа температурасы айтарлықтай төмендейді:

  • батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнде 6 градус аяздан 5 градус жылыға дейін, күндіз 2-11 градус жылы болады;
  • солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнде 1-6 градус аяз, күндіз 0-ден 8 градусқа дейін жылы болады;
  • оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде 0-ден 5 градусқа дейін жылы, күндіз 10-15 градус жылы болады. Таулы аудандарда түнде 2-10 градус аяз, күндіз 5-10 градус жылы болады.

Бірінші онкүндіктің екінші жартысында Орталық Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массаларының келуіне байланысты елдің басым бөлігінде күндізгі ауа температурасы 15-20 градусқа дейін, оңтүстік-батыс пен оңтүстік өңірлердің жартысында 18-28 градусқа дейін көтеріледі.

Қазан айының екінші және үшінші онкүндіктерінде температуралық фонның құбылуы болжанады.

Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнгі ауа температурасы 5-12 градус жылыдан 5 градус аязға және 5 градус жылыға дейін, күндіз 18-28 градус жылыдан 10-20 градус жылыға дейін құбылады.

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде ауа температурасы 3-8 градус жылыдан 1-8 градус аязға дейін, күндіз 15-23 градус жылыдан 3-13 градус жылыға дейін өзгереді.

Елдің оңтүстік жартысында түнде ауа температурасы 5-10 градус жылыдан 3 градус аязға және 5 градус жылыға дейін, күндіз 15-23 градус жылыдан 20-30 градус жылыға дейін болады. Жекелеген кезеңдерде түнгі ауа температурасы 1-6 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін, күндіз 10-15 градус жылы болады.

Жалпы, қазан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасының орташа көрсеткіші климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында температура климаттық норма шамасында болады.

Жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде климаттық норма шамасында болжанып отыр.