17:00 Қазақстан

Жамбыл облысында азық-түлік қаптамасын өндіруге 400 млн теңге инвестиция салынды

«Тараз» индустриялық аймағында азық-түлік өнімдеріне арналған қаптама өндіру жобасын «Жамбылполимер» ЖШС іске қосып жатыр. Жобаның құны 400 млн теңгені құрайды, деп Жамбыл облысының әкімдігі хабарлады.

Кәсіпорын жылына сегіз түрлі өнімнің 70 млн данаға дейінін, оның ішінде ланч-бокстар мен тауық етіне арналған науаларды өндіре алады. Өндіріс орнында 20-дан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Қазір кәсіпорын іске қосу кезеңінде. Жабдықтар орнатылып, монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары аяқталды. Компания алғашқы тапсырыстарды қабылдап, әлеуетті тұтынушылармен келіссөздер жүргізіп, сондай-ақ қызметкерлерді жұмысқа қабылдап, оқытып жатыр.

«Жобаны іске асыру үшін ғимарат салуға кемінде 10 жыл қажет болар еді. Индустриялық аймақ – өте тиімді шешім. Мұнда қажетті инфрақұрылымның барлығы бар. Жабдықтарды жеткізіп, жұмысты бастау жеткілікті», – деді «Жамбылполимер» ЖШС негізін қалаушы Абзал Мырзатайұлы.