15:57 Қазақстан

Қазақстанда ирандық компаниядан 2,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды

Жетісу облысында сот шешімімен жалпы құны шамамен 50 млн теңге болатын 2,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Ескелді ауданында орналасқан бұл жер телімдері шетелдік қатысуы бар жеке компанияның иелігінде болған. Ал бұған ҚР заңнамасымен тыйым салынған. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Прокуратураның анықтауынша, жер телімдері құрылтайшылары Иранның үш азаматы болған заңды тұлғаның иелігінде болған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бұл компанияға ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып берілген.

«Мемлекет мүддесін қорғау мақсатында Ескелді ауданының прокуратурасы жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Сот талапты қанағаттандырып, 2,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды», – деп прокуратура хабарлады.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ведомствоның мәліметінше, жалпы Жетісу облысында прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде мемлекетке жалпы құны 1,7 млрд теңгеден асатын 41,1 мың гектардан астам жер қайтарылды.