16:32 Қазақстан

EuroTier Астанадағы аграрлық көрмеде өз экспозициясын ұсынады

Ганноверде екі жылда бір рет өтетін, әлемге әйгілі EuroTier, мал шаруашылығы көрмесінің командасы Орталық Азиядағы ең ірі аграрлық көрме –KazAgroFarm 2026 аясында арнайы экспозициясын ұсынады.

EuroTier – мал шаруашылығы мен мал өсіру кәсіпорындарын басқаруға арналған әлемдегі жетекші көрмелердің бірі. Іс-шараны Неміс ауыл шаруашылығы қоғамы (DLG) ұйымдастырады.

Астанадағы EuroTier стендінде мал және құс шаруашылығына арналған озық неміс және әлемдік технологиялар, соның ішінде генетика, жемшөп және фермаларды автоматтандыру салаларындағы инновациялық шешімдер таныстырылады.

KazAgroFarm көрмесіне келушілер EuroTier стендінде саланың жетекші сарапшыларымен және DLG өкілдерімен кездесіп, тікелей B2B форматындағы іскерлік байланыс орнатуға және бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік алады.

Еске салайық, EuroTier 2026 көрмесі 10–13 қараша күндері Ганновердегі көрме кешенінде өтеді. Биылғы көрменің басты тақырыбы – «Мал шаруашылығындағы интеллект». Іс-шараға 55 елден шамамен 2 100 экспонент қатысады деп күтілуде.

KazAgroFarm-2026 халықаралық көрмесі 21–23 қазан күндері Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Оған 25 елден 300-ден астам компания қатысады. Бұған дейін көрмені ұйымдастырушы ExpoGroup компаниясы биыл іс-шараға Германиядан шамамен 30 компания қатысатынын хабарлаған болатын. Неміс экспозициясы агроөнеркәсіптік кешеннің кең ауқымды бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында мал шаруашылығы, азықтандыру және асыл тұқымды генетика, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, цифрлық технологиялар, логистика, оқыту және сервистік шешімдер бар.