09:15 Қазақстан

Қазақстанда еттің фальсификациясын анықтайтын тест әзірленді

Қазақстанда еттің түрлік құрамын анықтауға және ет өнімдеріндегі шикізаттың фальсификациясын анықтауға арналған отандық ПТР-тест әзірленді. Тест-жүйені «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құрамына кіретін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары әзірледі, деп Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

ПТР-тест 17 түрлі жануар мен құстың ДНҚ-сын айқындауға мүмкіндік береді. Олардың ішінде үй жануарларының сегіз түрі – ірі қара, жылқы, шошқа, қой, ешкі, есек, ит және мысық, жабайы жануарлардың алты түрі – ақбөкен, марал, елік, арқар, егеуқұйрық және тышқан, сондай-ақ тауық, үйрек және күркетауық бар.

Тест цитохром b митохондриялық генінің түрге тән учаскелерін анықтайды. Бұл ретте бір үлгіден жануарлардың бірнеше түрін бір уақытта анықтауға болады. Мұндай мультиплексті формат жеке-жеке жүргізілетін талдаулардың санын және реагенттердің шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

ПТР-тест шикі етті де, сондай-ақ шұжық өнімдері, ветчина және ет консервілерін қоса алғанда, қайта өңделген ет өнімдерін де зерттеуге арналған. Технология ет ұсақталғаннан және термиялық өңдеуден өткеннен кейін де өнімнің нақты құрамы мен жапсырмада көрсетілген құрамының сәйкес келмеуін анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысы Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024–2026 жылдарға қаржыландыратын «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік деңгейін арттыру» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Бұл әдіс пайдалы модельге берілген патентпен қорғалған. Тест-жүйені өндіру және қолдану үшін қажетті ғылыми-техникалық құжаттама әзірленіп, университеттің ғылыми-техникалық кеңесінің шешімімен бекітілді.

Әзірлеменің әлеуетті пайдаланушыларына сынақ және ветеринариялық зертханалар, мемлекеттік бақылау органдары, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, сондай-ақ өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаумен айналысатын басқа да ұйымдар жатады.

 

Әзірлеушілердің айтуынша, отандық тест-жүйені енгізу Қазақстанда ет өнімдеріне жүргізілетін зертханалық бақылауды кеңейтіп, импорттық диагностикалық шешімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.