15:13 Мал шаруашылығы

Қазақстанда қосымша жемшөп қоры қалыптастырылды

Қазақстанда фермерлер алдағы қысқы қорада ұстау кезеңіне барлық түрі бойынша 41 млн тоннадан астам жемшөп дайындады. Бұл жоспарланған көлемнің 103,6%-ын құрайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстар әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, 26,7 млн тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 104,1%-ына тең. Сонымен қатар 2,4 млн тонна пішендеме (102,5%), 2,8 млн тонна сүрлем (99,4%), 4,8 млн тонна сабан (102%) және 4,6 млн тонна құнарлы жем (80,6%) әзірленді.

Жемшөптің негізгі түрлері бойынша жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалуы мал шаруашылығы нысандары үшін қосымша қор қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шаруашылықтарда өткен қысқы қорада ұстау кезеңінен қалған жемшөп қоры да сақталған. Ол да алдағы қысқы кезеңде пайдаланылатын болады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөппен қосымша қамтамасыз ету мақсатында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жемдік астық қорын қалыптастырады. Қажет болған жағдайда бұл қор резервтік ресурс ретінде пайдаланылады.