17:20 Мал шаруашылығы

Ақтөбе облысында 1 млн-нан астам мал қыстатылады

Ақтөбе облысында 2026–2027 жылдардағы қыстауға дайындық мәселесі талқыланды. Өңірде 1 млн-нан астам шартты мал басына арналған жемшөп дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Малды қажетті жемшөппен қамтамасыз ету үшін 1,972 млн тонна шөп, 7 мың тонна пішендеме, 26,6 мың тонна сүрлем және 225,5 мың тонна құнарлы жем дайындау қажет. Қазіргі таңда 2,026 млн тонна шөп, 7,3 мың тонна пішендеме және 18,4 мың тонна сүрлем дайындалды.

Қазір облыста 642,5 мың бас ірі қара, 1,269 млн қой мен ешкі, 423,7 мың жылқы және 26,4 мың түйе бар.

Облыс әкімі Асхат Шахаров жемшөптің толық қорын қамтамасыз етіп, өңір елді мекендерінде оның тапшылығына жол бермеуді тапсырды.

Сондай-ақ қыс мезгілінде шөп пен жем бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдау тапсырылды. Жемшөп тапшылығы қаупі бар елді мекендерге ерекше назар аудару ұсынылды.

2026 жылы облыста мал шаруашылығын субсидиялауға 4,2 млрд теңге қарастырылған. Оның 2,3 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленді.