27 октября 2020 Қазақстан

Нарықтан сапасыз азық-түліктер алынатын болады

Қазақстандағы сапасыз отандық және импорттық өнімдерге қатысты қатаң шаралар енгізілуде. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ОКҚ брифингінде айтты.

«Техникалық реттеу туралы заң жобасы аясында біз маңызды міндеттердің бірін орындайтын боламыз, яғни ішкі нарықты тазартып, отандық өндірушілердің бәсекелестік артықшылықтарын қорғаймыз. Жауапсыз өндірушілер мен сапасыз импорт қатаң бақылауға алынып, нарықтан шығарылатын болады », - деді Бақыт Сұлтанов.

Ол осы жұмыс барысында өнімді шығаратын кәсіпкер емес, өнімдер тексерілетіндігін түсіндірді. Егер өнім сапасыз болып шықса, онда ол автоматты түрде нарықтан алынады.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдар өнімдер мен процестердің қауіпсіздігіне қатысы жоқ, бизнеске қойылатын шамадан тыс талаптарды қамтитын нормативтік құқықтық актілерді жою бойынша жұмыс жүргізуде.

«Биыл министрлік аккредиттеу саласына жаңа бағыттарды енгізу бойынша белсенді жұмыс бастады. Аккредиттеудің 15 бағыты қарастырылуда, яғни зертханалық тәжірибе (GLP),  ауыл шаруашылық тәжірибесі (Global G.A.P.), Халал, органикалық өнімдер, жеткізілім тізбегінің қауіпсіздігі, биобанкинг және тағы басқа да талаптар зерттелуде», - деп атап айтты министр.