Қазақстан мен Иран арасында жаңа паром желісі іске қосылды
Елде жаңа паром желісі ашылды, аталған жұмыс аясында Иранның Амирабад портынан Маңғыстау жеріндегі Құрық портына құрал-жабдықтар және киви тиелген «Композитор Рахманинов» кемесі келді. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлады.
Осы мезгілден бастап, Қазақстан мен Иран арасында паром арқылы жүк тиелген фуралар жеткізілетін болады. Атап айтқанда тез бұзылатын өнімдер тікелей тапсырыс берушілерге жетеді. Мұнда жүктерді ауыстырып тиеусіз пароммен тасымалданады.
«Бір паромда тез бұзылатын тауарлар тиелген 32 рефрижераторға дейін (еврофур) тасымалдауға болады. Құрық – Амирабад/Энзели паром желісі ирандық және қазақстандық кәсіпкерлер үшін де тиімді болады», - деп атап өтті Құрық портының маркетинг және логистика жөніндегі Атқарушы директоры Әлібек Утегенов.
Құрықта орналасқан автомобиль инфрақұрылымы транзиттік тасымалдауға, сондай-ақ экспорттық-импорттық бағыттарда порт арқылы келетін жүктерді қабылдауға және жедел қызмет көрсетуге толықтай дайын. Бұған дейін Құрық паромы тек Әзірбайжаннан тауар тасуды жүзеге асырған болатын.
Құрық порты Ақтау портының оңтүстігінде 100 км жерде орналасқан. Оның құрылысы 2015 жылдың сәуір айында басталды. Порттың бірінші кешені аяқталып, теміржол паромдық терминалдың объектілері 2016 жылғы 6 желтоқсанда пайдалануға берілді.