АШҚҚҚ агробизнестегі инвестициялық жобаларға кепілдеме бере бастады
Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған екінші деңгейлі банктердің несиелеріне кепілдік беру механизмін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры (АШҚҚҚ) іске қосты. Алғашқы кепілдікті Батыс Қазақстан облысының фермерлері алды. Бұл туралы АШҚҚҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Казталов ауданының кәсіпкері Сергей Горовой бір жыл бұрын Аграрлық несие корпорациясынан несие алып, 5 мың басқа арналған мал бордақылау орнын ашты. Бордақылаудың толықтай жұмыс істеуі үшін қосымша инвестиция қажет болды.Несие алу үшін жеткілікті кепілдік болмағандықтан, кәсіпкер Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгінді.
«Біз 850 миллион теңгеге несие алдық, бірақ бұл қаражат жеткіліксіз болды. Осы жылы банк арқылы біз 1,3 миллиард теңге несие алатын боламыз, кепілдің жартысын аталған Қор кепілдік түрінде төледі. Бұл қаражат жобаны сәтті жүзеге асыруға жеткілікті болады», - деді Сергей Горовой.
Тақырыпқа байланысты оқу: Мәжіліс депутаттары Бәйтерек пен ҚазАгроны біріктіруді ашық түрде жасауды талап етуде
АШҚҚҚ –та хабарланғандай, кепілдік алудың басты талабы банк шарттары болып табылады. Берілетін несие 3 миллиард теңгеден, несие мерзімі - 10 жылдан аспауы керек, сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 17 пайыздан аспауы керек. Бұл ретте фермер несие сомасынан 0,1% мөлшерінде кепілдік жарнаны төлейді.
Аталған кепілдік кәсіпкерлерге агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін беріледі.
Қор несие сомасынан 50% дейін кепілдеме береді. Сонымен бірге, кейбір инвестициялық жобалар үшін кепілдік 85% дейін, пайдалануға берілгеннен кейін - 50% дейін болады. Негізінен сүт фермаларын ашу және дамыту, құс етін өсіру, қарқынды бау-бақша өсіру, жылыжай, қант қызылшасын өсіру және қызылша қантын, жарма, өсімдік майы мен май өнімдерін өндіруге, көкөністер мен жемістерді өңдеуге арналған инвестициялық жобалар болып табылады.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры -ауыл тұрғындарына, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне, шағын кәсіпкерлікке микрокредиттеу қызметтерін көрсететін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Бұл ҚазАгро ұлттық басқарушы холдингі құрылымының бөлігі.