Тамақ өнеркәсібін дамыту - Түркістан экономикасының басым бағыттарының бірі
Үкімет Түркістанды дамытудың бас жоспарын бекітті. Қала экономикасының басым бағыттары ретінде, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылық машиналарын дамыту салалары болып анықталды.
«Тамақ өнеркәсібі - Түркістан экономикасының әлеуеті жоғары саласы болып есептеледі. Түркістан қаласн және елдің басқа аймақтарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз еткен жағдайда, бұл сала өңірлік өнімнің жартысынан көбін құрауы мүмкін», - деп жазылған құжатта.
Тамақ өнеркәсібін дамытуға басты назар аудара отырып, қаланың екі көлік жолының қиылысында орналасуы ескерілді, бұл кез-келген облыс пен елге өнімді жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тағы бір перспективалы бағыт – ауыл шаруашылық техникалары мен арнайы құрылғылар, жабдықтар, жылыжайлар, көкөніс қоймалары, суару жүйелері, топырақсыз өсетін жүйелер мен дрондар жасау саласы болып табылады.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы негізгі қиындық ауыл шаруашылығындағы техникалық жабдықтардың аз болуы. Сондықтан бірінші кезеңде ауыл шаруашылық машиналары мен жабдықтарының өндірісі, инновациялық өсімдік және мал шаруашылығы салалары дамитын болады», - деп көрсетілген бас жоспарда.
Аймақты дамытудың алғашқы кезеңінде шағын ауыл шаруашылық машиналарын шығару жобаларын іске асыру ұсынылады, бұл шағын тракторлар мен қондырғылар жасауды қолға алуға мүмкіндік береді. Кейінгі кезеңдерде ірі тракторлар мен басқа да өздігінен жүретін жабдықтар өндірісі жолға қойылуы мүмкін. 2035 жылға қарай 23 кәсіпорын ашу жоспарлануда.
Инновациялық технологияларды ауылшаруашылық жерлеріне қолдану аймақтағы су ресурстарының тапшылығы жағдайында өте қажет.
Тақырыпқа байланысты оқу: Фермерлер Түркістанға туристерді шақыра алады
Бекітілген бас жоспарда 35 елді мекенді қамтитын Түркістанның қала маңындағы аумағы астық, көкөніс және бақша дақылдарын өсіру бойынша облыста жетекші орындарға ие екендігі атап көрсетілген. Қала маңы жылыжай саны бойынша облыста екінші орында. Мал шаруашылығы да дамыған: негізгі бағыттары ірі қара және ұсақ күйіс қайыратын мал, түйе өсіру. Бұл аудандарда Түркістан аграрлық кластердің өзегіне айналуы мүмкін.
Ауыл шаруашылығы жеңіл өнеркәсіппен қатар дамиды. Бұл бағытта мақта мен малдардың терілерін экспорттай отырып өңдеуге ерекше назар аударылатын болады.