19 марта 2020 Қазақстан

Нұр -Сұлтан қаласында кейбір азық-түліктерді сатып алу бойынша шектеу қойылды

 Нұр -Сұлтан қаласында бір адамға бес килограмнан артық қант, күріш және қарақұмық  сатылмайды, деп хабарлады LS

Хабарламада айтылғандай шектеуді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестицияларды және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы  Ерлан Бекмырзаев мәлімдеді.

«Сауда нысандары бұл тауарларды (қант, күріш, қарақұмық) бір адамға әрбір тауар түрінен  бес кг дейін, күнбағыс майын бес литрге дейін сатуды шектеуі тиіс. Бұдан басқа, көкөністер мен жемістерден басқа, барлық азық-түлік тауарларын, атап айтқанда азық түлік  тауарлар мен кептірілген жемістерді буып-түйілген күйінде сатуды қамтамасыз етулері керек. Кезектегі сатып алушылардың арасы бір метр болуын қамтамасыз ету қажет», — деді Ерлан Бекмырзаев.

Сонымен қатар, Бекмырзаевтың айтуынша, барлық сауда нысандары штаттық режимде үздіксіз жұмыс істеуі керек, санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейті тиіс (тепловизорларды пайдалану, маскалардың болуы, санитайзерлер орнатылуы қажет).

 «Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен бірінші кезектегі қажетті тауарлар бағасының себепсіз өсуіне жол бермеуі тиіс. Қоғамдық тамақтану нысандары (мейрамханалар, дәмханалар, асханалар) да жабылатын болады. Осыған байланысты олар онлайн тапсырыс және жеткізу бойынша жұмыс істей алады. Елордадағы  бизнестің қалған барлық нысандары карантин кезеңінде уақытша тоқтатылуы тиіс», — деді Ерлан Бекмырзаев.

Әкімдік өкілі бұл іс-шаралар амалсыздан істеліп жатқандығын жеткізді, тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің ақпараты бойынша, республикада бар азық-түлік қоры  5-6 айға жетеді.