2020 жылы АӨК 559 млрд. теңге инвестиция алатын болады
Мамандардың айтуы бойынша, аграрлық салаға 2020 жылы 559 млрд. теңге инвестиция салынатын болады, деп хабарлады KAZAKH TV.
Бұл қаражатқа 94 аграрлық жоба іске асырылады деп күтілуде. Олардың барлығы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және импортты алмастыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, жақын арадағы бес жылда АӨК-ті дамыту үшін шамамен 4,5 трлн теңге алу жоспарланып отыр. Тиісті меморандумға салалық ведомство мен республика Үкіметі арасында қол қойылды.
«Біз ірі инвесторларды, соның ішінде трансұлттық компанияларды осы саланы қаржыландыруға шақырамыз. Бұл жұмыстар елге шетелдік инвестицияларды ғана емес, озық технологияларды да тартуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің бас маманы Айхан Сұлтан.
Аграрлық сала мамандарының пікірінше, ҚР-да Ауыл шаруашылығының пайдалы екендігін инвесторлар түсінуде. Тек 2019 жылы елдің агросекторына ірі көлемде қаржы салу сомасы 41 % - ға артып, 500 млрд теңгені құрады.