25 марта 2021 Қазақстан

АШМ басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізу тәртібі туралы айтты

Қазақстанда жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына қатысты қызметтерді цифрландыруға байланысты заң жобасы дайындалып, парламентке ұсынылды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгін  өткен жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында енгізілетін өзгерістер туралы айтты.

Аталған құжатта жер учаскелерін беру, жер комиссиясы институтынсыз, қызметтерді қағазсыз рәсімдеу тәртібі бойынша жасалады.

«Жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершіліктерін анықтап, күшейте отырып, ауылшаруашылық жерлерін жалдаудың бірыңғай шарты заңды түрде жасалды. Осыған байланысты типтік келісімге сәйкес, ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланылуын бақылау тәртібі заңды түрде бекітілді. Мысалы, жалға берілген алғашқы 5 жылда мониторинг жыл сайын жасалады, ал кейін суармалы егістік алқаптарында - 3 жыл сайын, жаңбыр жақсы жауатын алқаптарда - 5 жыл сайын жүргізілетін болады», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Тақырыпқа байланысты оқуҚР фермерлері космомониторинг қателігінен жерлерінен айырылып қалуы мүмкін

Сонымен қатар, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді байқау арқылы беру тәртібінің толық ережесі дайындалды. Байқау өткізетін комиссия жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету үшін оның құрамына заңды түрде қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдері енгізілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2016 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстанда пайдаланылмаған 15,4 млн га ауыл шаруашылық жерлері бар екендігі анықталды, оның 5,4 млн га қайтадан ауыл шаруашылық мақсатында қолданылатын болады, ал 5,6 млн га мемлекет меншігіне қайтарылды, 4,4 млн. га жерді сот арқылы кері қайтарып алу мәселесі жасалып жатыр.