Қазақстандағы азық-түлік қоры 1,2 млн тоннаны құрайды
Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының 32 негізгі түрі бойынша аймақтардың қамтамасыз етілуіне апта сайын мониторинг жүргізеді. Департаменттің баспасөз қызметінде хабарланғандай, Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болмайды.
«Аймақтардан жеткен жедел деректер бойынша республикадағы түрлі азық-түлік қорларының жалпы көлемі 1,2 млн тоннаны құрайды, оның ішінде өндіріс кәсіпорындарында - 625 мыңнан астам, қоймаларда - 173,2 мың, сауда желілерінде - 345 мың. тұрақтандыру қорларында - 19,6 мың тонна азық-түлік бар. Сонымен қатар, 320 млн дана жұмыртқа және 5,6 млн тонна азық-түлік бидайы сақтаулы тұр», - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Апта сайын жүргізілетін мониторингте тұрақтандыру қорларындағы, ірі сауда желілеріндегі, қайта өңдеу кәсіпорындарының қоймаларындағы қорлар ескерілетіні де атап өтілген.
Тақырыпқа байланысты оқу: Күрішбаев: біз азық-түлік қорымыздан айырылуымыз мүмкін
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасында азық-түлік өндіру үнемі ұлғаюда, аталған қорлар үнемі жаңарып және толықтырылып отырады. Сондықтан олардың жетіспеушілігі жоқ және болмайды да.
Еске сала кетсек, ҚР үкіметі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар пакетін әзірледі. Биылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешенде 285 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ 2021-2023 жылдарға жетіспейтін ауылшаруашылық өнімдерін импортпен алмастырудың кешенді жоспары дайындалуда.