02 июня 2021 Қазақстан

Тәжікстан егістікті суару үшін Қазақстанға қосымша 300 млн текше метр су жібереді

Биыл Сырдария өзенінде су деңгейі әдеттегіден төмен болып,күрделі жағдай қалыптасты. Осыған байланысты, Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрімен кездесіп, егістікті суару үшін қосымша су жіберу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл туралы Экология министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметі бойынша, екі ел осы жылдың маусым-тамыз айлары аралығында «Бахри Точик»  су қоймасынан 315 млн текше метр суды қосымша алу туралы келісімге келді. Бұл көлем Түркістан мен Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңдегі су тапшылығын азайтады.

Тақырыпқа байланысты оқу: ТМД аумағындағы ең ірі суармалы жер павлодар өлкесінде орналасқан

«Сырдария өзеніндегі күрделі жағдай ескеріле отырып, Түркістан мен Қызылорда облыстарының қажеттіліктері үшін тәжік елі Қырғыз Республикасындағы Тоқтағұл су қоймасынан жіберетін су көлемінен басқа, маусым –тамыз айлары аралығында «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша 315 млн текше метр су беруге келісті. Қазақстан өз тарапынан «Бахри Точик» су қоймасында жағымсыз салдар пайда болған жағдайда Тәжікстанға материалдық-техникалық қолдау көрсетеді», - деді Мағзұм Мирзагалиев.

Бұған дейін хабарланғандай, биылғы вегетациялық маусым Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы фермерлер үшін тағы да қиын жыл болады. Егістік алқаптарды суаруды қамтамасыз ету үшін Қазақстан көршілес елдерден  қосымша су алу туралы келіссөздер жүргізуде.