08 июля 2021 Қазақстан

ҚР-да органикалық өнім туралы заң жобасы әзірленді

Сенат депутаттарының бастамасы бойынша «органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң жобасы дайындалды. Аталған құжат «Герман-қазақстандық аграрлық-саяси сұхбат» жобасының халықаралық техникалық қолдауымен және Қазақстан органикалық өнім өндірушілер одағының ұйымдастырушылық-әдістемелік, кеңес беруі арқылы әзірленді. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлады.

Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, осы саладағы қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілер отандық органикалық өнім өндірушілердің заңды құқықтарын қорғамайды және органикалық өндірісті жүргізудің халықаралық және аймақтық тәжірибесіне сай келмейді. Сондай-ақ заңнамада олқылықтар мен қайшылықтар бар.

Бұл заң жобасына жаңа ұғымдар енгізіледі, ал қолданыстағы заңнаманың кейбір анықтамаларына редакциялық түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, нарықтағы сұраныстар мен қажеттіліктерге қарай жасалады, өтінім беруші-өндіруші таңдаған органикалық өндіріс стандартының талаптарына сәйкестігіне қарай сертификаттау  ұсынылады.

Сертификаттау нысандарынан түпкі өнімді алып тастау қажет. Органикалық өнім өндіру процестерін ғана сертификаттау тәсілі халықаралық тәжірибеге қайшы келмейді.

Тақырыпқа байланысты оқуОрганикалық өнімдерге бағаны қалай төмендетуге болады

Тың және тыңайған жерлерді (3 жылдан астам) органикалық өсімдік шаруашылығының айналымына өтпелі (конверсиялық) кезеңсіз кіргізу туралы нормаларды енгізу ұсынылады.

Сондай-ақ, заң жобасына топтық Сертификаттау жүйесінің мәселелерін реттейтін талаптар енгізілген. Бұл кооперацияға және органикалық өндірушілерді топтарға біріктіруге және белгілі бір өндіруші үшін сертификаттау шығындарын азайтуға ықпал ететін болады.

Бұдан басқа, аталған заңды дайындаушылар өтпелі (конверсиялық) кезең шығындарын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа шарттарын енгізетін болады, сондай – ақ қолданыстағы нысанды сақтауды-органикалық өнім өндірушінің сертификаттау және консультациялық шығындарын субсидиялауды ұсынады.

Құжаттың қабылдануы органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласындағы ұлттық заңнаманы халықаралық және өңірлік ережелермен үйлестіруге, ведомствоға қатысты  актілерді қысқартуға және органикалық өндірістің тиімді жұмыс істеуі мен өнім айналымы үшін қажетті инфрақұрылым құруға ықпал етеді, деп айтылды хабарламада.

Заң жобасының мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады. Аталған құжат бойынша ұсыныстар мен ескертулер 2021 жылғы 12 шілдеге дейін эл. мекенжайға: b.akhmetayev@atameken.kz немесе 8 (7172) 919325 телефонына хабарласуға болады.