12 июля 2021 Қазақстан

Қазақстанда алдағы күндері жаңбыр жауып, ыстық күндердің беті қайтады

Қазақстан аумағында аптап ыстықтың беті қайтады. Ауа райы болжамы бойынша 13-15 шілде күндері республикада жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді деп күтілуде. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады. Алдағы күндері республиканың басым бөлігіне ауа райы циклоны және фронталдық ағын әсер ететін болады. Ауа райы тұрақсыз болып,  жауын-шашын болады деп күтілуде. Солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста қатты жаңбыр жауады, жаңбырмен бірге найзағай ойнап, бұршақ жауып, жел соғады.

Батыс өңірде ауа температурасы түнде +12+22℃, күндіз +25+35℃ болады. Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында ауа температурасы түнде +7+20℃, күндізгі уақытта термометр бағаналары +12+28℃-ге жетеді деп күтілуде. Еліміздің орталығы мен шығысында ауа температурасы түнде +8+20℃, күндіз +15+28℃ болады. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында түнгі температура + 12 + 23 ° С, күндізгі температура + 25 + 32 ° С болады деп болжам айтылуда.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айының басында Қазақстанда ерекше апатап ыстық болған еді.

Мамыр және маусым айларында температураның жоғарылауынан және жауын-шашынның аз болуынан елдегі жайылымдар мен шабындықтар қурап күйіп кеткен еді. Сондай-ақ, алдын ала жасалған болжам бойынша, құрғақ ауа райы салдарынан егін өнімділігі төмендейді.