Су тасқынынан зардап шеккен Түркістандық фермерлерге шығын өтеледі
Су тасқыны кезінде ауылшаруашылық өнімдері мен малдары зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ауданының диқандарына шыққан шығынның орны толтырылады және несие беріледі. Бұл мәліметті Қазақстан Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өзбекстанда 1 мамырда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, нәтижесінде Қазақстанның шекаралас ауылдары су астында қалды. Мамандардың болжамы бойынша, 845 үй, , 7,5 мыңнан астам егістік алқаптарды су басып, мал қырылып қалды.
Бүгін Мақтаарал ауданындағы су басқан аймақтарға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған үкіметтік комиссия келді. Мұнда Өзбекстаннан арнайы келген үкіметтік делегациясы да жұмыс істеуде. Екі жақтың комиссиясы Түркістан облысының әкімімен бірге су басқан аумақтарды аралап, содан кейін зардап шеккен ауылдардың тұрғындарымен кездесті.
«Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өлген мал иелерінің шығындарын өтеу мәселесі шешілді. Төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штабтың комиссиясы жүргізген тексерудің нәтижесінде келтірілген залал мемлекеттік резервтен өтеледі», — деді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, фермерлерге алған несиелерін кейін төлеуге рұқсат беріледі.
Егістік жерлерін қалпына келтіру мәселелерін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты бірлесе қолға алады. Олар биылғы жылы қандай дақылдарды отырғызуға болатындығы туралы ұсыныстар береді.
Сонымен бірге, Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден төлеу туралы шешім қабылдады. Жақында жаңа үйлердің құрылыстары басталады.