Үкімет жас аграршылар мен ветеринарларды университеттен кейін ауылдарға жібереді
Ауылдық квота бойынша оқыған аграршылар мен мал дәрігерлер оқу бітіргеннен кейін ауылда кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті болады. Үкімет қаулысына Премьер-министр Асқар Мамин қол қойды.
Бұл құжат педагогикалық, медициналық, ветеринарлық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарында квотамен білім алған ауыл жастарына арналады.
«Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын аяқтаған азаматтар оқу орнын бітіргеннен кейін ауылда орналасқан меншік нысанына қарамастан мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік медициналық ұйымдарда, ветеринария саласында, мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарда және ауылшаруашылық мекемелерде кемінде үш жыл жұмыс істейді» — деп жазылған құжатта.
«Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған азаматтардың өз бетінше жұмысқа орналасу, жұмыстан босау немесе жұмыс істеуін тоқтату құқығын беретін маманды жұмысқа жіберу ережесін бекіту туралы» және «Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» қаулыларға өзгерістер енгізілді.