Талдықорғанда майлы дақылдар өңдейтін тағы бір зауыт іске қосылады
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында өндірістің 40% -дан астамы тамақ өнімдері мен сусындар шығаруға тиесілі болды. Ағымдағы жылы да аталған өңірде ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеп шығару үшін бірқатар өндіріс орындары ашылатын болады. Бұл жаңалық туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, облыстың өндірістік күшін арттыруға 1000-нан астам кәсіпорын атсалысуда, оларда 70 мыңдай адам жұмыс істейді. 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында бірқатар кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Атап айтсақ, «ТКМЗ» ЖШС Талдықорғанда жылына 82 мың тонналық қуаты бар майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын салу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорында жаңадан 850 жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, «Жетісу сояы» ЖШС қуаты 16,0 мың тонна шикізат болатын ақуыз және соя майын шығаратын зауыт салуда. Компания Еңбекшіқазақ ауданында жұмыс істейді. Ал Іле ауданында жылына 2500 тонна белок өндіретін және соя бұршағын өңдейтін өнеркәсіптік зауыт салынуда (инвестор «AGRITECH» ЖШС).
Сондай-ақ «Феникс Фид Миллс» ЖШС Панфилов ауданында қуаттылығы жылына 60 мың тоннаға дейін баратын мал бордақылау зауытын ашуды жоспарлап отыр.
Жалпы, облыста үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында 89,3 миллиард теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 14,2%-ды құрады. Алматы облысында жыл сайын шамамен 1 миллиард литр шырын мен алкогольсіз сусын шығарылады, ал өнімдердің түрлері үнемі кеңейіп келеді.
Аталған өңірдің кәсіпорындары үнемі өз өнімдерін шығаратын нарықты кеңейтіп отырады. Ет өңдейтін кәсіпорындардың бірі «Империя Фуд» ЖШС Қытай, Иран және басқа елдердің нарықтарына шыға бастады. «АзияАгроФуд» ЖШС Қырғызстан мен Өзбекстанға ұн жөнелтумен айналысады. «Жаркент крахмал зауыты» ЖШС жүгеріні қайта өңдеуді жүзеге асырады және Қытайға, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға және Ресейге крахмал, глютен, тұқым, целлюлоза, патока экспорттайды. Республикадағы кондитерлік өнімдердің ірі өндірушісі -«Хамле компании ЛТД» ЖШС - Қырғызстанға, Ресейге және Өзбекстанға өнімдерін экспорттайды.
Айта кетерлік жағдай, бір ай бұрын Талдықорғанда құны 4,4 млрд теңге тұратын майлы дақылдарды өңдейтін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын күніне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс өңдейді.