Қазақстан мен Түркия майлы дақылдар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді
Қазақстандық делегация Түркияның тұқым өсірушілер қауымдастығы болып табылатын Антальядағы "Болашаққа арналған тұқымдар" халықаралық бизнес-форумына қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша мақта шаруашылығы және майлы дақылдар өндірісі саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туралы ElDala.kz ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сондай-ақ, тараптар жас ғалым селекционерлердің тағылымдамадан өтуі туралы келісті. Ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым өндірушілерімен бірқатар кездесулер өткізілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді, атап айтқанда, ол түрік серіктестерін Қазақстанның АӨК-не инвестиция салуға шақыра отырып, республика аумағында бастапқы тұқым шаруашылығын бірлесіп дамыту қажеттігін атап өтті. Форумға қатысушылар ҚР үкіметі тарапынан мемлекеттік қолдау шараларына белсенді қызығушылық танытты.
"Панельдік пікірталас қорытындысы бойынша Қазақстанда түрік бизнесмендері үшін бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттары: көкөніс өндіру, бау - бақша өсіру, ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын өндіру, жемістер мен көкөністерді өңдеу, қант, кондитерлік өнімдерді өндіру, сондай-ақ қант қызылшасын, жемістер мен көкөністерді терең өңдеу өнімдерін өндіру болып көрінеді", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда өсімдіктердің генетикалық банкі құрылады. Оны құруға Түркия көмектеседі. 2022 жылғы 10 қарашада Шымкентте Қазақстан мен Түркия арасындағы тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.