08:00 Майлы дақылдар

Қазақстан Ауғанстанға 12 млн долларға май жеткізу туралы уағдаласты

Кабул қаласындағы сауда-экономикалық миссия барысында Қазақстанның майлы дақылдарын өңдеушілер мен Ауғанстан компаниялары жалпы сомасы 12 млн долларға өсімдік майларын жеткізуге арналған алты меморандумға қол қойды. Бұл туралы Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы хабарлады.

«Ауғанстанға май өнімдерін жеткізу жыл сайын артып келеді, атап айтқанда ағымдағы маусымның бірінші жартыжылдығында күнбағыс майын экспорттау бойынша валюталық түсім 2023/2024 маркетингтік жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 60%-ға өсіп, 17 млн доллардан асты. Тазарту бойынша жаңа жобалардың іске қосылуымен біз Ауғанстанға майды жеткізуді екі есеге арттыруға ниеттіміз», - деді Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Кабулдағы сауда-экономикалық миссиясы 2025 жылғы 21-23 сәуір аралығында өтті.

Сауда министрлігінің мәліметінше, сауда миссиясының қорытындысы бойынша жалпы сомасы шамамен 140 млн доллар болатын келісімдерге қол қойылған.